Мәжілісте Жоғары аудиторлық палатаның 2024 жылғы республикалық бюджеттің орындалуы туралы Үкімет есебіне берген қорытындысы қаралды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қорытындыға сәйкес 2024 жылдың сәуірінде мемлекеттік жоспарлау жүйесі жаңартылған. Алайда орталық мемлекеттік органдар даму жоспарларын оған уақытылы бейімдей алмады. Нәтижесінде мемлекеттік органдардың даму жоспарының 7 негізгі ұлттық индикаторына және 20 нысаналы индикаторына қол жеткізілмеді.
2024 жылғы кірістер бойынша болжам бастапқыда бекітілген жоспардан 2 трлн теңгеге төмендетілді. Бірақ нақтыланған жоспар да 609 млрд теңгеге орындалмаған.
"Салықтық тексерулер санының артқанына қарамастан, олардың нәтижелері бойынша өндіріп алу проценті екі еседен астам төмендеді. 249 ірі салық төлеушіге мониторинг жүйесіз жүргізіледі. Нәтижесінде қосымша есептелген сома небәрі 643 млн теңгені немесе ірі салық төлеушілерден түскен түсімдердің 0,01%-ын ғана құрады. Жалпы 2024 жылы салық жинау көлемі 2023 жылмен салыстырғанда 4,7% төмендеген.
Бұл факторлар қарыз алудың ұлғаюымен қатар Ұлттық қордан берілетін трансферттерді де көбейтуге мәжбүрледі. 2024 жылы оның көлемі 5,6 трлн теңге болды. 2023 жылмен салыстырғанда Ұлттық қор активтерінің деңгейі жалпы ішкі өнімге 7%-дық тармаққа төмендеген. Бюджет тапшылығын ЖІӨ-нің 2,6%-ы диапазонында ұстау мақсаты орындалмаған. Мұнайға қатысты емес тапшылықтың белгіленген лимиті де сақталмаған. Оның абсолютті мөлшері 10,8 трлн теңге болды", – Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов.
2024 жылы республикалық бюджеттің шығыстары бойынша бюджетке 13 рет өзгеріс енгізілген, ал өзгерістердің 40%-ы 4-тоқсанға тиесілі. Өткен жылы 56 млрд теңгеге 112 бюджеттік инвестициялық жоба қаржыландыру жоспарынан алынып тасталған. Бұл – газ, су және электрмен жабдықтау, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым салаларындағы объектілер. Алайда екінші жартыжылдықта жалпы сомасы 58 млрд теңгеге басқа 96 инфрақұрылымдық жоба енгізілген. Ал жаңадан енгізілген жобалардың бағыттары сол алынып тасталған жобаларға ұқсас.