Алматы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2020 жылдың 25 мамырынан бастап қалада барлық Халыққа қызмет көрсету орталықтары мен санитариялық-эпидемиологиялық нормаларға сәйкес келген жағдайда азық-түлік сататын базарлар қайта жұмыс істей бастайды.
"Шектеулер алынғаннан кейін 5 арнайы ХҚКО, 2 Миграциялық қызмет көрсету орталығы және 2 Цифрлық қызмет көрсету орталығын қоса алғанда 16 фронт-офистің қызметі қайта жанданады. Оның шеңберінде 1600-ден аса адам, яғни, клиенттермен тікелей байланыста жұмыс істейтін 933 фронт-офис қызметкері жұмысқа оралмақ", - деп жазылған хабарламада.
Базарлар қаладағы эпидемиологиялық жағдайға және нысандардың әзірлігіне байланысты кезең-кезеңмен ашылады.
Карантин басталғанда жабылған азық-түліктік және әмбебап базарларға қойылған шектеулерді 25 мамырдан бастап алу жоспарланып отыр. Алайда әзірге олардың тек тамақ өнімдерін саудалайтын бөлігіне ғана жұмыс істеуге рұқсат беріледі.
Сонымен қатар азық-түліктік емес базарлар 1 маусымнан бастап қайта жұмыс істей бастауы мүмкін.
Аталған нысандар олардың санитарлық дайындығына арнайы бағалау жүргізілгеннен кейін ғана ашылмақ.
Құралай Құдайберген