25 маусымда Қазақстанның көптеген өңірінде жаңбыр, найзағай, бұршақ және қатты жел болжанады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ең күрделі жағдай Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Ұлытау, Шығыс Қазақстан, Абай, Павлодар және Қостанай облыстарында байқалады. Кей жерлерде нөсер жаңбыр жауып, желдің екпіні 23-28 м/с-қа дейін күшейеді.
Астана, Көкшетау, Петропавл, Қарағанды, Өскемен, Семей және Павлодар қалаларында жаңбыр, найзағай, бұршақ және екпінді жел күтіледі.
Жамбыл, Түркістан және Алматы облыстарының таулы аудандарында өткінші жаңбыр мен найзағай болжанады. Батыс Қазақстан облысында түнде жаңбыр мен найзағай күтіледі, желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін жетеді.
Оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерде ыстық ауа райы сақталады. Алматы, Жетісу облыстарында күндіз ауа температурасы 35-38 градусқа дейін көтеріледі. Абай облысының оңтүстігінде де 35 градусқа дейін қатты ыстық болады.
Сондай-ақ республиканың көптеген өңірінде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады. Әсіресе Ақмола, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Абай, Жетісу, Қызылорда облыстарының бірқатар аудандарында өрт қаупі өте жоғары деңгейде. Жамбыл, Түркістан және Батыс Қазақстан облыстарының жекелеген аудандарында да жоғары өрт қаупі сақталады.
Синоптиктер тұрғындарды ауа райының күрт нашарлауына байланысты сақтық шараларын сақтауға шақырады.