Алматыда TBEX Asia 2026 халықаралық туристік форумы өтіп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Алматыда 20–23 тамыз аралығында Орталық Азияда алғаш рет әлемдегі ең ірі travel-индустрия алаңдарының бірі – TBEX Asia 2026 халықаралық іс-шарасы өтуде.
Шараға әлемнің әр түкпірінен 250-ден астам travel-блогер, журналист және туризм саласының өкілі қатысып жатыр. Қатысушылардың медиа-платформаларындағы жалпы аудиториясы 300 миллион адамға жуықтайды.
Халықаралық қонақтар Алматының табиғаты мен көрікті жерлерін аралап, ұлттық тағамдарынан дәм татып, қаланың мәдениетімен танысуда. Олар сапар барысында фото және бейнематериалдар түсіріп, Алматы туралы әсерлерін әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы өз аудиторияларына ұсынуда.
22–23 тамыз күндері TBEX Asia 2026 шарасының негізгі бағдарламасы өтеді. Оның аясында халықаралық сарапшылардың баяндамалары, тақырыптық сессиялар және туризм индустриясының өкілдері арасындағы кездесулер ұйымдастырылады.
TBEX Asia 2026-ның Алматыда өтуі қаланың туристік әлеуетін халықаралық деңгейде танытуға, жаңа аудитория тартуға және Қазақстанның әлемдік саяхатшылар арасындағы танымалдығын арттыруға мүмкіндік береді.