Банктен банкке ақша аударатындарға сүйінші жаңалық

32238

Қаржы министрлігі мен Ұлттық банк мобильді аударымдардың шегін өзгерту мәселесін пысықтап жатыр. 

Банктен банкке ақша аударатындарға сүйінші жаңалық Фото: © Sputnik / Абзал Калиев

Бұл туралы министрлік таратқан ақпаратта айтылған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты

Бұрын қалай еді?

Былтыр қарашадан бастап, мобильді аударымдардың бір айдағы саны ғана емес, жалпы сомасы да есепке алынуы мүмкін деген мәліметтер шыға бастады. 

Бір жеке тұлға банктегі шотына үш ай бойы әр түрлі нөмірден ай сайын 100 және одан да көп аударым қабылдаса, ол аударымдардың жалпы сомасы 3 ең төменгі жалақыдан асса, кәсіпкерлікпен айналысып жүрген адам болуы мүмкін деген пайыммен салық органдарының назарына ілігуі мүмкін еді. 2025 жылы ең төменгі жалақының мөлшері 85 мың теңге деп көрсетілген. Ал 3 ең төменгі жалақы деген – 255 мың теңге.

Енді не өзгереді?

Қаржы министрлігі осы "3 ең төменгі жалақы" деген сөзді "12 ең төменгі жалақы" деген сөзбен алмастыруды ұсынып отыр. Демек, қатарынан 3 ай бойы қабылдаған аударымдар саны ай сайын 100-ден және 3 айдағы жалпы сомасы 1 млн 20 мың теңгеден асса ғана салық органдарының назарына ілігеді деген сөз.

– Қаржы министрлігі Ұлттық банкпен және банктермен осы мәселені пысықтай келіп, аталған өлшемшартты қатарынан 3 айда 12 ең төменгі жалақыдан (1 млн 20 мың теңгеден) астам мобильді аударым қабылдау критерийімен толықтыру туралы шешім қабылдады. Жылдық кірісі 12 ең төменгі жалақыдан жоғары болса, жеке кәсіпкер ретінде тіркелу міндеті бар. Бұл бұйрықты қазір Ұлттық банк қарап жатыр, – деп жазылған мәліметте.

Салық органдары ол мәліметтерді қайдан көреді?

– 2022 жылдан бастап екінші деңгейдегі банктер кәсіпкерліктен табыс алу белгілері бар операцияларды Қаржы министрлігі белгілеген критерийлер бойынша айқындауға міндеттелген. Тарқатып айтсақ, бір жеке тұлғаның қатарынан күнтізбелік 3 айдың әр айында кәсіпкерлікке арналмаған банк шотына 100 және одан да көп әр түрлі тұлғадан ақша қабылдаса, кәсіпкерліктен табыс табу болып белгіленген. Екінші деңгейлі банктер осындай тұлғалар туралы мәліметтерді Мемлекеттік кірістер органдарына беруге міндетті, – дейді министрліктегілер.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу