Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында энергетика вице-министрі Мұрат Жүребеков "Сарыарқа" магистральді газ құбырының құрылысына жұмсалатын қаржы туралы пікір білдірді.
Вице-министрдің мәлімдеуінше, қаржыландырудың кестесі мен талабын
экономиканы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссия былтыр тамыз айында бекіткен.
"Жобаны жүзеге асыру үшін магистральді газ құбырының операторы "АстанаГаз-ҚМГ" АҚ –80,3 млрд, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры – 85 млрд, Еуразиялық даму банкі және "Қазақстанның Даму Банкі" акционерлік қоғамдары 102 млрд теңге бөледі. Жалпы, жобаға 267 млрд 300 млн теңге жұмсалады", – деді вице-министр.
Оның сөзінше, "Сарыарқа" магистральді газ құбырының бас мердігері – "ҚазСтройСервис" компаниясы.
"Былтыр қараша айында "АстанаГаз-ҚМГ" АҚ мен "ҚазСтройСервис" компаниясы "Сарыарқа" магистральді газ құбырының құрылысына қатысты құжатқа қол қойылды. Бүгінгі таңда тараптар міндеттемелерін мінсіз орындап жатыр", – деді Мұрат Жүребеков.
Қанат Махамбет