Демалыс күндері барлық сауда орталықтары, сауда үйлер, азық-түлік және өзге де тауарлар сататын базарлар, дүкендер жұмыс істемейді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
"Өткен "карантиндік демалыс" сырқаттану деңгейін төмендетудің оң динамикасын көрсетті. Осы демалыс күндері – 27 және 28 маусымда біз "үйдегі демалыс" күнін енгіземіз. Қазіргі уақытта қалада аурудың негізгі екі ошағы отбасылық және ұжымдық болып отыр. Демалыс күндері тұрғындарға жақын маңдағы азық-түлік дүкеніне, дәріханаға баруды, медициналық қызмет алуды немесе рұқсат етілген жұмысқа баруды қоспағанда, үйлерінен шығуға тыйым салынады. Қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін кәсіпорындар мен үй маңындағы азық-түлік дүкендері ғана жұмыс істейді. Базарлар да жабылады. Азаматтар сенбіге дейін қажетті өнімдерін сатып алуы керек. Үй маңындағы азық-түлік дүкендерінде қажеттінің бәрі бар", – деді қаланың бас санитарлық дәрігері Жанна Пірәлиева.
Сонымен қатар 27-28 маусымда дәріханалардың, көше форматындағы (жаздық) қоғамдық тамақтану орындарының жұмысына рұқсат етіледі. Бұл ретте аталған нысандар қатаң санитария нормаларын сақтауы керек.