Құрылтай депутаты Әмірбек Оспанбеков елімізде 27 мыңға жуық үй иесінің баспанасы апаттық жағдайда тұрғанын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Республиканың тұрғын үй қоры – 61 367 көппәтерлі тұрғын үй. Оның ішінде 1 037 пәтер апатты жағдайда болса, 3 347-сінің тозығы жеткен.
"Бұл шамамен 27 мыңға жуық үй иесінің баспанасы апаттық жағдайда немесе әбден ескірген дегенді білдіреді. Соңғы 3 жылда тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы шеңберінде өңірлерде 352 апаттық жағдайдағы және тозығы жеткен тұрғын үй бұзылып, 200 көппәтерлі тұрғын үй салынды. Бұл көрсеткіш жалпы республика тұрғын үй қорының тек 0,3%-ын ғана қамтып отыр", – делінген депутаттық сауалда.
Депутаттың мәліметінше, 2029 жылға қарай әкімдіктер апатты және тозығы жеткен тұрғын үйлердің орнына 895 көппәтерлі тұрғын үй немесе 11 319 пәтер беруді жоспарлап отыр. Бұл қоныс аударуға жататын меншік иелерінің жалпы санының 42%-ы. Алайда, 15 653 меншік иелері апатты және тозығы жеткен үйлерде қалып кету қаупі бар, дейді Әмірбек Оспанбеков.
Құрылтай депутаты Үкіметке келесі мәселелерді шешуді ұсынып отыр:
- Республика бойынша реновациялау жобаларының тиімді орындалуын бақылау мақсатында Үкімет жанынан Құрылтай депутаттары және өңірлер әкімдерінің тікелей қатысуымен арнайы Комиссия құруды қарастыру;
- Үкімет нақты орындау мерзімдерін көрсете отырып, республиканың барлық өңірлері бойынша апатты және тозығы жеткен тұрғын үйдің әрбір меншік иесін көшіру бойынша Бірыңғай жол картасын құру мәселесін шешу;
- Реновациялау бағдарламаларының тиімділігін бағалау көрсеткішін барлық деңгейдегі әкімдердің жұмыс сапасын бағалау рейтингіне енгізу.