Жамбыл облысында әкімдік пен мердігер 2 жыл бойы соттасып жүргенде, тұтас ауыл спорт кешенінсіз қалды. Сақалды құрылыс Жуалы ауданының қақ ортасында әлі де менмұндалап тұр. Тіпті қараусыз қалып, қаңғыбастар түнейтін мекенге айналған. Ал іркілген іске қазынадан бақандай 306 млн теңге қаралған еді. Тек қаңқасы ғана салынған спорт кешені енді қашан аяқталары белгісіз, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.
Екі жыл бұрын лентасы қиылып жайнап тұрар жаңа нысан қазір қараусыз ғимаратқа айналды. айналасы күл-қоқыс, құрылыс материалдары шашылып жатыр.
Спорт кешенінің құрылысы 2021 жылы басталып, жыл өтпей аяқталуы тиіс еді. Бірақ істі бастап, 270 млн теңге игерген мердігер кенет "қаржы қажет" деп әкімдікке сұрау салған. 70 млн теңге берілмеген соң мердігрер жұмысты тоқтатқан. Ал аудан әкімдігі құрылысты басқа мердігер аяқтайды деп сендірді.
- Жаңа мердігерге ешқандай қаржы берілген жоқ. Олар өз қаражаты есебінен жасап беріп жатыр. Толық аяқтағаннан кейін біз төлеп береміз, - дейдіЖуалы ауданы әкімінің орынбасары Асхат Жабағы.
Ал бірінші мердігер сотта жеңіліп қалған 36 млн теңгені енді өндіріп беруге міндеттелді.