28 жастағы әйел суды көп ішкеннен көз жұмды

228

Ол 45 минуттық реанимациядан кейін қайтыс болды. 

28 жастағы әйел суды көп ішкеннен көз жұмды Фото: The Guardian

Ұлыбританиялық әйел суды көп ішкеннен көз жұмды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты The Guardian-ға сілтеме жасап. 

28 жастағы Лилиан Лукастың ата-анасы оның өліміне жеке психиатриялық клиникадағы емделу жағдайлары себеп болуы мүмкін деп есептейді. Ал медициналық мекеме қызметкерлері қыздың суды көп ішіп есінен танып, қайтыс болғанын алға тартып отыр.

Қайтыс болған Лукас психикалық қызмет медбикесі болған және кейін оған шизофрения диагнозы қойылған. Кейінгі бірнеше жылда ол осы диагнозбен әртүрлі ауруханаларға түскен.

Тергеу нәтижесінде соңғы емханада оған клозапин препараты тағайындалғаны анықталды. Бойжеткен наразылық білдірген, өйткені оның медициналық білімі бар, ол бұл препараттың ауыр әсері туралы білетін.

Дегенмен дәрігерлер науқас пен оның ата-анасы ештеңеден қорықпауға сендіріп, Лилидің бақылауда болатынын айтқан. Өлер алдында қыз анасына бірнеше рет қоңырау шалып, жүрек айнуына шағымданған.

Кейін емхана қызметкерлері анасына телефон соғып, қызының көп мөлшерде су ішкенін, еденге құлағанын, талма ұстағанын, жүрек талмасы болғанын айтқан. Науқас Бристоль корольдік ауруханасына (BRI) ауыстырылды, ол 45 минуттық реанимациядан кейін қайтыс болды.

Лилиан Лукасты бұрын емдеген кеңесші психиатр психогендік полидипсия - кейбір адамдарда су ішуге бақыланбайтын құмарлық тудыруы мүмкін психикалық бұзылыс - антипсихотикалық препараттардың жанама әсерлерінен туындауы немесе психоздың симптомы болуы мүмкін екенін растады.

Алайда Лилидің ата-анасы егер медициналық мекемеде қызметкерлер жеткілікті болса және олардың қызына қажетті күтім мен қолдау көрсетілсе, қайғылы жағдай болмас еді деп есептейді. Отбасы қазір емхананы сотқа беріп жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу