BILD басылымының хабарлауынша, 57 жастағы Карл Бушби 1998 жылдың қарашасында Чилидің оңтүстігінен басталған ғажайып сапарын аяқтады. Ұлыбританиядағы үйіне жету үшін бірде-бір көлікке мінбей, тек жаяу жүріп өткен.
Саяхатшының алдындағы соңғы кедергі – Ла-Манш бұғазы болды. Дүйсенбі, 5 қазанда, Бушби Франция жағалауынан жүзіп шығып, Англияның Дувр қаласы маңындағы жағалауға жетті. Бұғаздан өтуге үш күнге бөлінген шамамен 20 сағат кетті. Жағажайда оны әкесі, бауырлары мен достары қарсы алды. Саяхатшының оралуын ол туралы деректі фильм түсіріп жүрген неміс режиссері Вернер Херцог та бақылап отырды.
Бұрын десантшы болған Бушби сапарға шығарда екі қағида ұстануға бекінді: жол жүру үшін көлік пайдаланбау және діттеген жеріне өз күшімен жетпейінше үйіне қайтпау. Барлық затын "Аң" деген лақап ат қойылған арбаға салып алып жүрді.
Алайда сапар өзі жоспарлағаннан әлдеқайда ұзаққа созылды. Виза мәселелері, 2008 жылғы әлемдік қаржы дағдарысы мен коронавирус пандемиясы оның жолын жалпы алғанда 14 жылға жуық уақытқа тежеді. Мәселен, Беринг бұғазы арқылы Аляскадан Ресейге өткеннен кейін Ресей билігі оған ұзақ уақыт бойы виза бермеді.
Дегенмен сапар әлі толық аяқталған жоқ. Англияның солтүстігіндегі туған қаласы Халлға жету үшін Бушбиге тағы шамамен 400 шақырым жол жүру керек.