Бизнес өкілдерінің осы ұсынысы ескеріліп, "Қазақтелеком" АҚ 2D сканерін толығымен алмастыратын тегін балама – Data Matrix кодтарын тануға қабілетті NaqtySauda.Kassa мобильді қосымшасын іске қосты.
"Мұндай тегін мобильді қосымша бизнесті қолдау мақсатында іске қосылып отыр. Себебі, кейбір сауда нүктелерінде тауар айналымы аса үлкен емес. Бұл жағдайда сканер функцияларын дәлме-дәл қайталайтын осы қосымшаны пайдалануға болады", - деп түсіндірді "Қазақтелеком" АҚ Цифрлық экономиканы дамыту орталығының бас директоры Бикеш Құрманғалиева бүгін өткен брифингте.
Оның айтуынша, NaqtySauda.Kassa - кәдімгі смартфонға немесе планшетке жүктеуге болатын онлайн-кассалық қызметі бар мобильді қосымша. Жүйенің ықшамдығына қарамастан, оның функциялары 2D сканерінен еш кем емес. Атап айтқанда, қосымша нақты уақыт режимінде түбіртектерді шығара алады, серверге қауіпсіз қосылуға және ақпаратты сақтауға мүмкіндік береді.
"Ең бастысы, ол шағын және орта бизнес үшін қолжетімді, кез келген гаджетке жүктеуге болады", – дейді Б.Құрманғалиева.
Қымбат Нұрғали