Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Үкімет отырысында каникул кезінде балалардың сауықтыру демалысын ұйымдастыруға қатысты қабылданған шараларды баяндады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Өңірлермен бірлесіп барлық демалыс орталықтарының тізімі әзірленді және олардың дайындығы республикалық штабтың отырыстарында қаралды. Санитариялық нормалардың, тамақ қауіпсіздігі талаптарының, сондай-ақ суда, орманды жерлерде және спорт объектілерінде қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша бақылау күшейтілді", - деді ведомство басшысы.
"Қазақстан халқына" қорының қолдауымен "Жаздық жолдама" жобасы шеңберінде 10 мың бала тегін демалады. Олардың ішінде халықтың әлеуметтік осал топтарынан және ауылдық жерлердегі көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға басымдық беріледі.
"Еліміздің 10 мыңнан аса демалыс орнында 3,2 млн бала жазғы каникулын өткізеді. Оның 15 мыңнан астамы – жыл бойғы сауықтыру орталықтарында, 186 мың бала – қала маңындағы, 2,8 млн бала – мектеп жанындағы, 160 мың бала – шатырлы және киіз үй демалыс орындарында демалады", - деді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.