2019 жылғы 31 шілдеден 20 тамызға дейінгі кезеңге бөлінген квота бойынша (2018 жылы – 3000 адам) 3200 қазақстандық азамат қажылыққа барады. Бұл туралы қазақстандық мұсылмандардың Саудияға қажылыққа баруына қатысты өткен баспасөз мәслихатында айтылды.
Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов министрліктің мемлекеттік органдармен және ҚМДБ-мен бірге қажылықты сапалы ұйымдастыру үшін жүргізілген негізгі іс-шараларға тоқталды.
Қажылық орындағысы келетіндер үшін аймақтарда жұқпалы ауруларға, оның ішінде менингитке қарсы екпе жүргізілген.
ҚМДБ өкілі республикада аудандық, қалалық және облыстық деңгейдегі 530 мешітте қажылықтың мақсаты мен тәртібін түсіндіру бойынша оқу семинарлары өткізіліп жатқанын айтты. Сапарға шыққандарға 12 адамнан тұратын қажылық миссия, оның ішінде наиб мүфтидің жетекшілігімен 8 ҚМДБ өкілі, АҚДМ дін істері комитетінің өкілі мен 3 дәрігер көмек көрсететін болады.
Жолаушыларды отандық Scat әуе компаниясы мен саудиялық FlyNas тасымалдайды. Бірінші рейсті Ақтау және Шымкент қалаларынан жөнелту жоспарланған.