3,5 млн халықтың келесі жылы газет оқуға шамасы жетпей қалады – Мәжіліс депутаты

273

Бұған тарифтердің көтерілуі себеп, дейді ол.

3,5 млн халықтың келесі жылы газет оқуға шамасы жетпей қалады – Мәжіліс депутаты Фото: Аманат партиясы

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров шалғай ауылдарға газет тарату бағасын көтеруге қатысты мәселе көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Біз жақында ғана әріптестерімізбен бірге Батыс Қазақстанның шекаралық аудандарына барып келдік. Кеше мен шығыстан келдім. Қазір ауылда гу-гу әңгіме. "Қазпошта" ауылға газет тарату бағасын 140 пайызға көтеріп жіберген. Егер осыған дейін бір газетті әкелу 17 теңге болса, қазір 42 теңгеден. Шекаралық ауданда тұратын 3,5 млн халықтың келесі жылы "Егемен Қазақстан", "Жас Алаш", "Айқын" деген газеттерді оқуға материалдық шамасы жетпей қалады. Бұл жерде "Қазпоштаның" өзіне көмектесу керек. Өйткені бүгінгі таңда осы алыс ауылдарға ақпарат пен төлемдерді апарып отырған тек қана "Қазпошта", – деп сұрады депутат.

Ерлан Саиров "Қазпоштаға" газеттерді апаруға көмектесу үшін және "Қазпоштаның" ауылдағы еңбеккерлерінің материалдық жағдайын түзеу үшін нақты қандай шаралар қабылданып жатқанын сұрады.

Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Досжан Мұсалиевтің сөзінше, биыл газетті тарату бағасы көтерілді. 

"Қолданыстағы тариф 2017 жылы бекітілген. Сол кезден бері 17 теңге бүгінге дейін көтерілмеген. Инфляцияны ескеріп осы бағаны 36 теңгеге көтердік. Бұл инфляцияға байланысты", – деді Досжан Мұсалиев.

Ал Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов мәселе өте өзекті екенін баса айтты. 

"Қазір бұл мәселені "Қазпоштамен" бірге талқылап жатырмыз. Тарифтер бойынша келіссөз жүргізудеміз. Жақын уақытта шешім табылады деген ойдамын", – деді Евгений Кочетов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу