3 баласын тастап, Сирияға кеткен келіншектің үстінен қылмыстық іс қозғалды

1348

3 баласын тастап, Сирияға кеткен келіншектің үстінен қылмыстық іс қозғалды

Ақтөбе қаласының тұрғыны М.Жаманқұлов соттан 3 баласын тастап, Сирияға кеткен әйелі А.Аймағамбетованы із-түзсіз жоғалды деп тануды сұраған болатын. Іс материалдарына сүйенсек, құқық қорғау органдары А.Аймағамбетоваға қатысты терроризмді насихаттады деген айыппен қылмыстық іс қозғап, халықаралық іздеу жариялаған. №2 Ақтөбе қалалық соты осы дерекке сүйеніп, арызданушы М.Жаманқұловтың әйелін із-түзсіз жоғалды деп тану өтінішін қанағаттандырған жоқ. Бұл туралы Bnews.kz хабарлайды.

"Арызданушы М.Жаманқұлов пен А.Аймағамбетова 2005 жылы заңды некеге тұрған. Олардың 12, 8, 4 жастағы үш баласы бар. Сотта арызданушы М.Жаманқұлов әйелі А.Аймағамбетованың 2013 жылы Алматыға барамын деп кетіп қалғанын, кейін Қырғызстан арқылы Сирияға шекара асқанын телефон арқылы хабарлағанын айтты. Кейін мүлде байланысқа шықпаған, мән-жайды түсіндірмеген. Құқық қорғау органдарының мәліметіне сүйенсек, сот сұрауы кезінде Аймағамбетованың үстінен осы жылдың наурыз айында қылмыстық іс қозғалғаны анықталды. Ол Қылмыстық кодекстің "Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздыру", "Терроризмдi насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру", "Террористiк топ құру, оған басшылық ету және оның әрекетіне қатысу" баптарымен жауапқа тартылады. Соған орай халықаралық іздеу жарияланды", – деп хабарлайды облыстық соттың баспасөз қызметі.

Естеріңізге саламыз, қазан айының басында ақтөбелік азамат Жаманқұлов сотқа әйелін із-түзсіз тану туралы арыз берген болатын. Ол келіншегімен ажырасуды мақсат етіп отыр.

"Азаматтық іс бойынша арызданушы Мирболат Жаманқұлов жергілікті, республикалық газетке, ақпараттық порталдарға келіншегі Ақмарал Аймағамбетованың із-түзсіз жоғалғанын айтып, хабар беруі қажет. Қандай да бір ақпарат білетін адамнан үш айда сотқа хабар беруі сұралады", – деген судья Гауһар Оралбай қылмыстық істің қозғалғаны анықталған соң арызданушының өтінішін қанағаттандырмады.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу