Жамбыл облысында 3 мың гектар егін алқабы қурап қалмақ. Себеп - 4 ауылдың диқандары 4 айдан бері тамшы суға жарымай отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Қараша мұны қолдан жасалған құрғақшылық деп күдіктенеді. Өйткені суармалы су көрші ауылдарда сарқырап аққанмен, төмендегі елді мекендерге сыздықтап тамады. Ол аздай тоғандар кеуіп, құдық суы төмен тартқан.
Егін егіп, еңбегінен өнім күткен бұл Байзақ ауданындағы 4 ауылдың диқандары. Ауылдағы ағайынның 90 пайызы егін басында. Күнкөрісі де кәсібі де сол. Әрқайсысы кемі 10 га егін еккен. Жиған-тергенін жерге салған жұрт 1 гектарға 100 мың тг кеткенін айтады. Алайда егін науқаны басталғалы алқапқа тамшы су тамбады деп аң-таң.
Даурыққан диқандарға 7 күнде су келмесе, шығынға белшеден батпақ. Апта бұрын суға жауапты мекеме жиын жасап, 6 текше метр су жібереміз деп уәде арқалап кеткен. Алайда тіршілік нәрін күте-күте шаршаған.
"Қазсушар" мекемесі қолдан құрғақшылық жасау қате пайым дейді. Аудандар 2 апталық кезекпен суғарылып жатыр екен. Бірақ тіршілік нәрі тапшы екенін мойындады. Бұған себеп қырғыз қоймасындағы су көлемінің азаюы екен. Нақтысы тау мұздықтары ерімей, етектегі елге аз мөлшерде су жеткен.
Егін екі елде де жөнді суғарылмай тұр екен. Мәселен, былтыр Киров су қоймасына 400 млн текше метр су болса, биыл тек жартысы жиналған.