3 жастағы қыздың өлімінен соң елімізде 600-ден аса стоматология тексеріліп жатыр

Қазақстандағы жекеменшік стоматологиялық клиникаларда жалпы наркозбен балалардың бірнеше тісін бір мезетте емдеу жиілеп жатыр. 

3 жастағы қыздың өлімінен соң елімізде 600-ден аса стоматология тексеріліп жатыр Фото: ckbran.ru

Мұны Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова айтып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Оның сөзінше, балаларды жалпы анестезиямен емдеу – қатаң медициналық көрсетілімдермен жүргізілуі тиіс күрделі медициналық емшара. Кез келген клиникадан наркозбен емдеу кезінде анестезиологиялық және реаниматологиялық көмек стандарттарын сақтау талап етіледі. 

– Денсаулық сақтау министрі ретінде біздің ұстанымымызды егжей-тегжейлі түсіндіру маңызды деп санаймын. Балаларды жалпы анестезиямен емдеу – қатаң медициналық көрсетілімдер бойынша ғана жүргізілуі тиіс күрделі медициналық емшара. Клиника жекеменшік болсын немесе мемлекеттік болсын мұндай манипуляциялар үшін білікті анестезиологтың қатысуы, тиісті жабдықтардың болуы, анестезиологиялық және реаниматологиялық көмек стандарттарын сақтау талап етіледі, – деді А.Әлназарова.

Бас прокуратураның талабы бойынша, барлығы 622 стоматологиялық ұйымға жоспардан тыс тексеру жүргізіліп жатыр. 

Денсаулық сақтау министрі жалпы анестезия бұл "ыңғайлы опция" емес, ерекше сақтықты талап ететін күрделі араласу екенін жеткізді. 

– Ұзақ наркоз және ауқымды бірмезгілде емдеу баланың жүрек-қантамыр, тыныс алу және жүйке жүйесі тарапынан асқыну қаупін арттыруы мүмкін. Өкінішке қарай, жекелеген клиникалар ата-аналарға коммерциялық тұрғыдан қолайлы нұсқаны ұсынады. Ол: "барлық тісті бір ретте емдеп береміз". Десе де, мұндай тәсіл тек нақты медициналық көрсеткіштер болған жағдайда, тексерумен расталған кезде ғана орынды, – деп сөзін қорытындылады ол. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу