Оқиғаның Ташкенттің Сергелі ауданында тіркелгені айтылады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Телеарнадағы ақпаратқа сенсек, 34 жастағы келіншек өз қызына асүй пышағын бірнеше рет сұғып алған. Небәрі 7 жастағы қыз оқиға орнында тіл тартпай кеткен.
Әйелдің 2022 жылдан бері нейропсихиатриялық клиникада есепте тұрғаны, ем алғаны белгілі болды.
Өзбекстан Бас прокуратурасының баспасөз хатшысы Хаёт Шамсутдинов Қылмыстық кодекстің 97-бабы (қасақана кісі өлтіру) бойынша қылмыстық іс қозғалып, әйелдің қамауға алынғанын хабарлады. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Өкініштісі сол, 2022 жылдың қаңтар айында дәл осы әйел пышақтап өлтірген қызын 5 метр биіктіктен Ташкент хайуанаттар бағындағы аю қамауына тастап жіберген еді. Ол кезде кішкентай қыз жарақат алғанымен, аман қалды. Абырой болғанда, жыртқыш аю қызды иіскеп, шетке қарай кетіп қалған болатын. Ұзатпай зообақ қызметкерлері 3 жастағы қызды құтқарып қалған еді.