Былтырғы жылы 150-ге жуық отандық компания "халал" сертификаттауынан өткен деп хабарлайды abctv.kz.
Қазақстанның мүфтияты жанындағы "Халал даму" ЖШС 2018 жылы 148 кәсіпорынға тиісті сертификат берді.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының "Халал өнімдерін стандарттау" бөлімінің басшысы Бейбіт қажы Мырзагелдиевтің мәліметінше, тұтастай алғанда, қазіргі кезде елімізде 351 кәсіпорын халал сертификаттарына ие.
Тарата айтсақ, 66 дәмхана, 58 ет өнімдері, 30 шұжық өнімдері, 25 тамақ өндірісі, 4 құс фабрикасы және басқа да кәсіпорындар асының адалдығын дәлелдей алған.
"Күні бүгінге дейін 1002 азық-түлік түрі арнайы зертханада тестілеуден өткізілді. Қызмет көрсету деңгейімізді халықаралық деңгейге дейін жоғарылату үшін біз Литва және Беларусь елдерінің халал-стандарттау ұйымдарымен екіжақты меморандум бекіттік. 2018 жылғы ең басты жетістігімізге тоқтала кетсем, "Халал даму" ЖШС малайзиялық JAKIM ұйымының тізіміне кіріп отыр. Бұл дегеніміз, біздің жұмысымыз халықаралық стандарттарға сәйкес келеді дегенді білдіреді", – дейді Бейбіт Мырзагелдиев.
2018 жылдың бірінші жартыжылдығында "Халал даму" ЖШС-ге сертификатталған кәсіпорындар тарапынан 8 508 750 теңге түскен. ЖШС қызметкерлерінің жалақысы, зертханалық тексерістер шығындары, ғимарат жиһаздары мен кеңсе тауарларын алу, іс-сапарлар және басқа да қосымша шығындар жалпы түсімнен төленіпті.