30-дан астам ел Трамптың "Бейбітшілік кеңесіне" кіруге дайын

134

Бұл туралы шетелдік БАҚ жазды. 

30-дан астам ел Трамптың "Бейбітшілік кеңесіне" кіруге дайын Фото: AP Photo / Evan Vucci

АҚШ президенті Дональд Трамптың "Бейбітшілік кеңесіне" 35-ке жуық ел қосылуға келісті. Бұл туралы 21 қаңтарда Reuters агенттігі жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW агенттігіне сілтеме жасап. 

АҚШ шамамен 60 мемлекеттің басшыларына шақырту жолдады. Олардың қатарында Ресей, Беларусь және Қытай да бар. 22 қаңтарда "Бейбітшілік кеңесінің" жарғысына Давостағы кездесуде қол қойылады деп күтілуде. Жаңа ұйымға Дональд Трамптың өзі төрағалық етеді. Атқарушы комитетке АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио, АҚШ президентінің күйеубаласы Джаред Кушнер және Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэр кіреді.

Reuters агенттігінің жазуынша, ұйым жарғысының жобасы бойынша Трамп "Бейбітшілік кеңесіндегі" лауазымын өмір бойы сақтап қалуы мүмкін. Себебі Ақ үй басшысы бұл қызметтен өз еркімен немесе атқарушы комитет мүшелерінің ортақ шешімімен ғана кете алады.

21 қаңтарға дейін "Бейбітшілік кеңесінің" мүшесі болуға келіскен елдер қатарында Аргентина, Әзербайжан, Армения, Беларусь, Мажарстан, Қазақстан, Марокко, БАӘ, Вьетнам және тағы басқа елдер бар. Reuters агенттігінің мәліметінше, Франция президенті Эмманюэль Макрон шақыруды қабылдамауы мүмкін. Франция сыртқы істер министрі Жан-Ноэль Барроның айтуынша, Париждің бұл ұйымға мүшелігі оның басқа халықаралық ұйымдар алдындағы міндеттерімен сай келмейді. Бұдан басқа Швеция мен Норвегия "Бейбітшілік кеңесіне" кіруден бас тартты. Ал Италия мен Германия әзірге жауабын берген жоқ.

Айта кету керек, бұған дейін Владимир Путин Трамптың "Бейбітшілік кеңесіне" 1 млрд доллар беруге ниетті екенін жазғанбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу