"30-ға жуық жолаушының аман қалуы – таңғажайып жағдай": Құлаған ұшақты тәжірибелі капитан тізгіндеген

Ақтау маңында құлаған Embraer E190AR ұшағын тәжірибелі ұшқыш Игорь Кшнякиннің басқарғаны белгілі болды. 

"30-ға жуық жолаушының аман қалуы – таңғажайып жағдай": Құлаған ұшақты тәжірибелі капитан тізгіндеген Фото: inbusiness.kz

Ол – осы уақытқа 15 мың сағаттан астам ұшу тәжірибесі бар білікті маман, деп жазады inbusiness.kz сайты Azerbaijan Airlines әуе компаниясына сілтеме жасап.

Ұшақтағы экипаж мүшелерінің бәрі – Әзірбайжан азаматы. Оның үшеуі қызмет бабында қаза тапса, екеуі аман қалды.

Орны толмас қос ұшқыштың қазасына Azerbaijan Airlines әуе компаниясының ұжымы қайғыра көңіл айтты. Компанияның ұшу қауіпсіздігі басқармасы бастығының орынбасары Фархад Насиров ұшақ капитаны Игорь Кшнякинді бала кезден танитынын жеткізді.

– Ол менің әкеммен Як-40 ұшағында бірге жұмыс істейтін. Таңертең рейс алдында брифинг өтетін бөлмеде екі ұшқышпен де кездестік. Олардың көңіл күйі жақсы еді. Мұндай жағдай болғаны өте өкінішті, – деген Фархад Насиров Bizim Media басылымына берген сұхбатында.

Екінші ұшқыш Александр Кальяниновтың Измирдегі технологиялық университеттің және Әзірбайжандағы Баку еуропалық лицейінің түлегі екені белгілі болған.

– Біздің Александр Кальянинов! Біз оның жетістіктеріне қуанған едік. Лицей керемет түлек пен студенті үшін Түркиядан алғыс хат алған-ды. Ақылды, сымбатты жігіт ондаған адамның өмірін құтқарамын деп қызмет барысында қаза тапты. Бұл – орны толмас қаза. Енді аспанға қарап, ұшақтың дыбысын естігенде Сашаны еске аламыз! Мәңгі есімізде... – деп жазды лицей ұжымы.

Авиасарапшылар ұшқыштардың әрекетін жоғары бағалап отыр. Ресейлік бұрынғы әскери ұшқыш, Fighterbomber Telegram арнасының авторы Minval басылымына берген пікірінде экипаждың соңғы сәтке дейін ерлік жасағанын айтқан.

– Ұшақтағы ақау мен ұшу параметрлерін ескерсек, ұшақ апатты жағдайда суға қонғанда ешкім тірі қалмас еді. Ұшқыштардың арқасында 30-ға жуық адамның аман қалуы – таңғажайып жағдай, – дейді ол.

Ұшқыштардың әуе кемесін ұзақ уақыт бойы аспанда ұстап тұруға барын салғаны анық. Мұны видеодан да байқауға болады. Оған қоса мамандар ұшақтың барлық бейнежазбасы мен радар дерегін қарап шыққан. Капитанның ұшақты Ақтау әуежайының жанындағы тегіс жерге қондырғысы келгені де анықталып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу