30 қарашадан бастап айырбастау пункттерінен алтын алуға болады

603

30 қарашадан бастап айырбастау пункттерінен алтын алуға болады

Уәкілетті ұйымдарға Ұлттық банк шығарған шағын алтын құймаларды сату және сатып алуды жүзеге асыру құқығы беріледі. Бұл туралы бас банктің баспасөз қызметі хабарлайды.

2018 жылғы 2 қарашада Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізіліміне "Қазақстан Республикасында қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі басқармасының 2014 жылғы 16 шілдедегі № 144 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі басқармасының 2018 жылғы 27 тамыздағы № 183 қаулысы енгізілді.

Аталған қаулы Ұлттық банк шығарған шағын алтын құймаларды банктік емес айырбастау пунктерінің халыққа сату рәсімдерін көздейді және ол алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі. 

Сондай-ақ бұл қаулы банктік емес айырбастау пункттеріне қосымша құқық беру арқылы олардың қызмет аясын кеңейткен "Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына 2018 жылғы шілдедегі енгізілген түзетулерді іске асыру үшін қабылданды.

Егер бұрын уәкілетті ұйымдар қызметінің ерекше түрі қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру болып табылатын заңды тұлға ретінде айқындалған болса, енді түзетулер енгізілгеннен кейін оларға тағы да бір операция түрі – Ұлттық банк шығарған шағын алтын құймаларды сату және сатып алуды жүзеге асыру құқығы беріледі.

Тазартылған құйма алтынды халыққа сату бағдарламасын Ұлттық банк 2017 жылы, бірінші кезеңде – екінші деңгейдегі банктер арқылы, екінші кезеңде – уәкілетті ұйымдар арқылы іске қосқанын атап өткен жөн.

Банктік емес айырбастау пунктерінің қызмет аясын кеңейту тазартылған құйма алтынды сату географиясына жағымды ықпал етіп, Ұлттық банктің алтын құймаларын ең шалғай өңірлерде сатып алуға мүмкіндік береді. 

Аталған қаулы 2018 жылғы 30 қарашада қолданысқа енгізіледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу