30 маусымда Ауыл шаруашылығы министрі мен Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрінің Қазақстан аумағынан 6 ай мерзімге ірі және ұсақ малдың аналық басын әкетуге тыйым салу туралы бірлескен бұйрығы күшіне енеді, деп жазады inbusiness.kz.
Сонымен қатар, 23 маусымнан бастап Ауыл шаруашылығы министрлігі ел аумағынан 60 000 бас бұқашық мөлшерінде тірі ІҚМ (СЭҚ ТА коды 0102) әкетуге алты ай мерзімге шектеулер енгізді, оның ішінде:
- бордақылау алаңдары үшін - 30 000 бас;
- тауар өндірушілер үшін - 30 000 бас.
Сондай-ақ тірі қой мен ешкіні (СЭҚ ТА коды 0104) 120 000 бас көлеміде шығаруға, оның ішінде:
- бордақылау алаңдары үшін - 30 000 бас;
- тауар өндірушілер үшін - 90 000 бас.
Бұқашықтарды әкетуге квота алу үшін бір бордақылау алаңына арналған лимит жиынтық саны 500 бастан аспайды, ал бір тауар өндірушіге – 200 бастан аспайды.
Қошқарларды әкетуге квота алу үшін бір бордақылау алаңына лимит жиынтық саны 1000 бастан, ал бір тауар өндірушіге 500 бастан аспайды.
Айта кету керек, АШМ Қазақстанда мал басын ұлғайту үшін бірталай жұмыс істеп жатыр, бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығының ет, сүт, тері, жүн өңдеу және т.б. бағыттарының дамуына ықпал етеді.
Сонымен қатар, соңғы жылдары көрші елдерде тірі малға деген сұраныс артты, бұл малды шетелге белсенді шығарыла бастауына түрткі болды. Экспорт көлемінің көбеюі мемлекеттің мал шаруашылығы мен қайта өңдеу салаларын дамыту жөніндегі барлық жұмысын жоққа шығаруы мүмкін.
Статистика көрсеткендей, аналық малды әкетуге тыйым салу өз нәтижелерін беріп жатыр. 2023 жылғы 1 қаңтарда ірі қара мал басы 2,5%-ға, оның ішінде сиыр 6,3%-ға және қой 2,3%-ға өсті, бұл мал шаруашылығы өніміндегі ішкі нарықтың қамтамасыз етілуіне оң әсерін тигізді.
Бұдан бөлек тыйым салу кезеңінде ет өңдеу көлемі 7,7%-ға 164 мың тоннадан 176,7 мың тоннаға дейін ұлғайды, бұл ет өндірісінің жалпы көлемінің 25% ғана құрайды.