Шетелде демалмақ болған олар "Infinity Travel" серіктестігіне 30 млн теңгеден астам қаржы құйыпты. Құзырлы органдар тергеуді аяқтап, істі жапты дегенді естіген азаматтар демалыс күні облыстық прокуратураға жиналды. Олар қылмыскерлер ақшаны қайтарсын, не болмаса сотталсын деген талап қойып отыр.
Ерназар Құсайынов тамыз айында жарымен бірге Мысыр елінде демалуы керек еді. Сол үшін "Infinity travel M" агенттігінен екі ай бұрын тур алып, 600 млн теңгесін салған. Сапарға екі апта қалғанда фирма жұмысының тоқтағанын біледі. Демалыссыз әрі ақшасыз қалған азамат жауаптылардың бостандықта тайраңдап жүргеніне наразы.
Бұл ақшасы желге ұшқан жалғыз тұтынушы емес. Сан соғып қалған 30-дан астам тұрғын бар. Туристік агенттік бас-аяғы 30 млн теңге жинап алған көрінеді. Енді берешегін беруге асығар емес.
"Бұл туристік агенттік арқылы бұған дейін де шетелге бардық. Бәрі көңілден шыққаннан кейін, кезекті рет алдық. Үш ай бұрын таңдап, 1 млн теңгеден астам ақша бердік. Еңбек демалысын да соған сай жүйеледік. Біз ақшамызды қайтаруды талап етеміз. Алаяқтарға шара қолданылсын. Қазір цифрландырылған заман, қаржының қайда аударылғанын оңай анықтауға болады деп ойлаймын", дейді Атырау қаласының тұрғыны Мадина Мырзахметова.
Тұрғындардың дүрлігетіндей жөні бар. Себебі тергеуші әу баста істі тоқтату жөнінде шешім шығарған. Алайда бас прокурор оны қате деп таныпты. Қазір құзырлы органдар жұмысты жалғастыруда.
"Азаматтық тәртіпте қаралуға жататындықтан, тергеуші қылмыстық істі тоқтату туралы шешім қабылдаған. Аталған шешіммен келіспеген тұрғындар қайта арыз-шағым қалдырды. Қылмыстық ішті тоқтату жайлы шешімнің күші жойылып, қосымша тергеп-тексеруге жолданды", дейді Атырау қалалық прокуратурасының бөлім прокуроры Хакімбек Атадусов.
"Infinity travel M" туристік агенттігі Атыраудағы кәсібін 2018 жылдан бері қыздырып келеді. Қазір жұмысы тоқтап тұр. Прокурорлар қылмыстың бар жоқтығы жыл соңына дейін анықталады деп сендірді. Қызметкер кінәсі дәлелденсе, іс сотқа жолданады. Ал тұрғындар ақшамызды қайтармайынша байыз таппаймыз дейді.
Қымбат Даирқызы