Президенттің инфрақұрылымды дамыту және елдің өнеркәсіптік әлеуетін нығайту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру аясында Қазақстанда жаңа өндіріс орындары іске қосылып, көлік инфрақұрылымы жаңартылып жатыр.
Ел бойынша 30 теміржол вокзалын жаңғырту жұмыстары аяқталды
Ел өңірлерінде соңғы жылдардағы ең ауқымды теміржол вокзалдарын жаңғырту жұмыстары аяқталды. Бұл нысандарға шамамен 70%-ы ондаған жыл бойы күрделі жөндеу жасалмаған. Вокзалдардың шатыры, қасбеті және инженерлік желілері толық жаңартылды. Сонымен қатар кедергісіз орта қалыптастырылды: пандустар, лифтілер, тактильді жолақтар және арнайы кассалар орнатылды.
Үлкен Алматы каналының беріктігі нығайтылды
Алматы облысында Д. Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналының жалпы ұзындығы 1,5 шақырым болатын апатты учаскелерін жаңғырту жұмыстары аяқталды. Нысанда қираған конструкциялар демонтаждалып, арна монолитті темірбетонмен қапталды. Нәтижесінде каналдың су өткізу қабілеті артып, су шығыны азайды және өңірдегі шамамен 33,3 мың гектар ауыл шаруашылығы алқабын сумен қамтамасыз ету жақсарды.
ElectroCore электр құрал-жабдықтары өндірісі іске қосылды
"Turan" арнайы экономикалық аймағында іске қосылған тағы бір өндірістік жоба – электр құрал-жабдықтарына арналған металл шкафтарын өндіретін зауыт. Жобаға 1,5 млрд теңге инвестиция тартылған. Кәсіпорын жылына 12 мыңға дейін өнім өндіріп, 100-ге жуық жергілікті маманды жұмыспен қамтиды.
Түркістан облысындағы "Найман" каналы жаңғыртылды
Жаңғырту жұмыстарынан кейін ұзындығы 26,15 шақырым болатын "Найман" су каналы пайдалануға берілді. Жөндеу барысында бетон төселіп, 75 гидротехникалық нысан салынды. Жаңарту нәтижесінде суды тасымалдау кезіндегі шығын азайып, ауыл шаруашылығы алқаптарын суару тиімділігі артады.
Түркістан облысында жаңа жол пайдалануға берілді
Сауран ауданында облыстық маңызы бар "Түркістан – Кентау – Еңбекші – Дихан" автомобиль жолының 4 шақырым аралығына орташа жөндеу жұмыстары аяқталды. Нысан бүгінде пайдалануға берілген. Жаңа жол көлік ағынының өткізу қабілетін арттырып, жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Оптикалық кабельдер шығаратын зауыт іске қосылды
Түркістан облысындағы "Turan" арнайы экономикалық аймағында "Kentau Cable Industries" ЖШС-нің жаңа өндірісі іске қосылды. Жалпы құны 1,7 млрд теңге құрайтын кәсіпорын жылына 33 мың шақырым оптикалық кабель шығарады. Жоба ішкі нарықты толық қамтамасыз етіп, өңірде 100 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Күрес орталығы ашылды
Ақтөбеде грек-рим және еркін күреске арналған жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды. Кешенде бір мезгілде 200 спортшы жаттыға алатын заманауи жаттығу залдары, жалпы дене шынықтыруға арналған аймақтар және массаж кабинеті жасақталған. Нысан жалпы саны 12 мыңнан астам оқушы білім алатын 12 мектепке жақын жерде орналасқан.
Батыс Қазақстан облысындағы Киров су қоймасы жаңғыртылды
Ақжайық ауданы Тоған ауылында Киров су қоймасының гидротехникалық құрылыстарын жаңғырту жұмыстары толық аяқталды. Жобаның мақсаты – нысанның қауіпсіздігі мен пайдалану беріктігін арттыру. Жаңартылған инфрақұрылым су қорын тиімді реттеуге, тасқын және қар суын қауіпсіз өткізуге мүмкіндік беріп, жақын маңдағы елді мекендердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.