30 жастан асқан қазақстандықтардың 3 күн демалыс алуға құқығы бар

Тақырып тікелей еліміздегі әрбір жұмыскердің медициналық скринингтен өту үшін алатын заңды демалысына қатысты.   

30 жастан асқан қазақстандықтардың 3 күн демалыс алуға құқығы бар Фото: РБК

Аталған әлеуметтік демалыс туралы Еңбек кодексінің 87-бабында жазылса да, ел тұрғындарының дені бұған немқұрайлы қарайтыны байқалады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты kazinform-ға сілтеме жасап. 

Негізінен, скрининг нақты бір жас тобындағы азаматтарға аурулардың алдын алуға, ерте кезеңде анықтауға арналады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің бас сарапшысы Шолпан Молдабекованың сөзінше, ҚР денсаулық сақтау саласындағы кейбір заңнамалық актілерге 2020 жылы өзгерістер енгізілген. Сол жылы жұмыс берушіге скринингтік зерттеулер өтуге демалыс беру міндеті нақтыланды. 

– Жұмыс берушілер кедергісіз, жұмысшының жұмыс орнын сақтай отырып, орташа жалақысын сақтай отырып осы демалыстарды беруге міндетті. Мысалы, бұл 3 күн бір жолы беріледі немесе бір жыл аралығында бөлініп берілуі мүмкін. Бұл еңбек демалысы жұмыскердің еңбек өтіліне кіреді, жұмыс орны сақталады, жалақысы сақталады. Ал егер жұмыс беруші еңбек демалыстарын, оның ішінде әлеуметтік демалыстарды беруден бас тартса, әкімшілік жауапкершілікке әкеліп соғады. Айыппұл мөлшері кәсіпкерлік субъектісінің түріне байланысты 20-дан 100 МРП-ға дейін (400 мың теңгеге дейін) жетуі мүмкін, – деді Шолпан Молдабекова.

Скринингтен өту қажеттігін учаскелік дәрігерлер анықтап береді. Олар белгілі бір жас тобындағы тұрғындарға қоңырау шалады немесе 1414 нөмірі арқылы, Damumed және 109 қосымшалары арқылы хабарлама жібереді. Осы хабарлама скринингтік зерттеулерге демалыс алуға негіз болады және жұмысшы үш күндік демалыс алуға өтініш жазады. 

Жалпы, скринингтер 30 жастан басталады. Мұндай тексерулер қатарына жүрек-қан тамырлары жүйесінің аурулары (артериалдық гипертония, ишемиялық жүрек ауруы), қант диабеті, глаукома, онкологиялық аурулар – сүт безі рагы, жатыр мойны рагы, колоректальды рак, В және С вирустық гепатиттері және ми қан айналымының бұзылыстары кіреді. Мұндай профилактика ауыр ауруларды ерте анықтап, мүгедектікке немесе өлімге әкелетін күрделі асқынулардың алдын алуға көмектеседі. 

2025 жылға дейін онкоскринингтер МӘМС пакетіне қамтылған сақтандырылған адамдарға ғана қолжетімді болды. Десе де, медициналық қызмет көрсету тәртібі қайта қаралғаннан кейін, олар кепілдендірілген тегін медициналық көмектің көлеміне енгізіліп, сақтандыру мәртебесіне қарамастан барлық қазақстандыққа қолжетімді болды. 

– Бүгінгі уақытта скринингтердің көпшілігі тегін медициналық көмек көлемі аясында жүргізіледі. Мысалы, қан айналымы жүйесінің аурулары мен қант диабетіне арналған тексерулер толықтай осы пакетке енгізілген. Президент тапсырмасымен 2025 жылдан бастап барлық онкоскрининг кезеңі тегін болды. Бұл тексерулердің қолжетімділігін, үздіксіздігін қамтамасыз етеді, – деді С.Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтау орталығының бастапқы медициналық-санитарлық көмектің жетекшісі Әсел Хасенова. 

Ерекше ескере кетерлігі, 3 күндік әлеуметтік демалыс тек ғана скринингке байланысты емес. Ол жүктіліктің алғашқы 10 аптасына дейін тіркеуге тұруға да арналған. Яғни, жүкті болған кезде де 10 аптаға дейін "ерте тіркеу" ұғымы бар. Демалысты осыған да қолдануға болады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу