Павлодар облысы Май ауданының аумағындағы Белая өзенінің арғы жағындағы шабындық жерге өтетін мүмкіндік жоқ, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Өзеннің арғы жағында 6 мың гектардан астам шабындық бар. Алайда оған апаратын көпір болмағандықтан, жердің тек жартысы шабылады. Себебі паром қоятын уақытша понтон бір тракторды ғана "көтеруге" қауқарлы. Оның өзінде мұнда ауыл шаруашылығы техникаларының кезегі пайда болады. Жақында осы аймақта дала өрті болғанда өрт сөндіру көлігі шабындық алқапқа понтон үстінен сусыз өтті. Әйтпегенде, бұл техника да өзенге құлап кетер еді. Есесіне, өрт сөндірушілер айналып өтетін 100 шақырымнан астам жолды қысқартып, уақытты үнемдеді.
Жылдар бойы жергілікті жұртшылықты титықтатып жүрген мәселе келесі жылы шешілуі мүмкін. Май ауданының әкімі Ағыбай Әмірин көпір салуға уәде берді.
"Жобалық-сметалық құжаттама дайын. Жобаның құны - 215 млн теңге. Мемлекеттік конкурс жарияланды", - деді аудан басшысы.
Осылайша, келесі жылы көптен күткен көпір құрылысы басталуы тиіс.