30 жылда мұнай өндіру 3,5 есе өсті

“Қара алтын” экспортының көлемі шамамен 6 есе артты. ОПЕК бағалауы бойынша Қазақстан мұнай экспорттаушы елдердің ондығына енді.

30 жылда мұнай өндіру 3,5 есе өсті

Бұл туралы Халықаралық мұнай-газ көрмесі мен KIOGE 2022 конференциясында ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов мәлім етті, деп жазды inbusiness.kz. 

“Бүгін біз Қазақстанның мұнай-газ саласын дамытудың жаңа сценарийлері туралы айтып отырмыз. Еліміздің экономикалық әлеуетін көтеруде мұнай-газ секторының маңызы зор екені белгілі. Біз мұнай қоры мен өндіру бойынша әлемде көшбасшылардың біріміз”, – деп бастады баяндамасын министр. 

Ведомство басшысының айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстан дүниежүзінде барланған мұнай қорының 3%-ын иеленіп, әлемдегі жетекші 15 елдің қатарына кіреді.

“30 жыл ішінде Қазақстанда мұнай өндіру 3,5 есеге жуық өсті – 1991 жылғы 26,6 млн тоннадан 2019 жылы 90,5 млн тоннаға дейін. Мұнай экспортының көлемі шамамен 6 есе артты.  Соның арқасында ОПЕК бағалауы бойынша Қазақстан мұнай экспорттаушы елдердің ондығына енді. Қолайлы инвестициялық ахуалдың арқасында Қазақстанда Еуропаның, Қытайдың, Ресейдің және АҚШ-тың әлемдегі ең ірі мұнай корпорациялары жұмыс істейді. Сонымен қатар, тәуелсіздік жылдарында салаға тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 200 млрд АҚШ долларын құрады”, – деп атап өтті Болат Ақшолақов. 

Қазіргі кезде еліміз инвестиция тарту үшін бұдан да қолайлы жағдай жасау мақсатында жер қойнауын пайдалану саласындағы заңнамалық базаны жетілдіруде. 

Министрдің айтуынша, осылайша салықтан босату түріндегі реттеуші және фискалдық преференциялар қарастырылуда.

“Жүргізілген реформа жер қойнауын пайдалану саласындағы, атап айтқанда көмірсутектерді барлау саласындағы инвестициялық ахуалды жақсартуға жаңа серпін береді”, – деді Энергетика министрі. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу