Көп жылдан бері жоспарланып келген Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан теміржолының құрылысы ресми басталды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Бұл жобаның Қырғызстан аумағындағы негізгі нысандары – Ферғана, Нарын-1 және Кош-Төбө туннельдерінің құрылысы сәуір айының соңғы күндері басталған. Мұны Синьхуа агенттігі хабарлап отыр.
Аталған үш туннель де бір бағытты, бір жолақты және әрқайсысының ұзындығы 10 шақырымнан кем емес. Бұлар – Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан теміржолының аса маңызды стратегиялық бөлігі. Жоба биік таулы, климаты қатал, сейсмикалық белсенді, геологиялық қысымы жоғары, жер бедері күрделі, көлік қатынасы қиын аймақта жүргізіліп жатыр, құрылыс жұмыстарының оңайға түспейтінін агенттік ашық жазған.
Былтыр маусым айында Қытай, Қырғызстан және Өзбекстан үкіметтері аталған теміржол жобасы бойынша үкіметаралық келісімге қол қойған еді. Осылайша, 27 жыл бойы кейінге шегеріліп келген теміржол жобасына жан бітті.
Lianhe Zaobao басылымы Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан теміржолы Қытайдың ШҰАР аумағындағы Қашқар қаласынан бастау алып, Торғат асуы арқылы Қырғызстан жеріне өтетінін хабарлады. Содан соң Қырғызстанның шекаралық Жалалабад қаласымен Өзбекстанның шығысындағы Әндіжан қаласына бағытталады.
Теміржолдың жалпы ұзындығы – 523 шақырым. Болашақта теміржол магистральі Таяу Шығыс, Оңтүстік Азия мен Еуропа аймақтарына дейін ұзаруы ықтимал. Сарапшылар "бұл жоба Қытайдың Орталық Азия елдерімен және өзге аймақтармен ынтымақтастығын тереңдетуде маңызды рөл атқарады" деп санап отыр.