Табиғатты қорғауға бағытталған бастамаға мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, еріктілер және жергілікті тұрғындар қатысты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Іс-шараның ашылуында Катонқарағай ауданы әкімі аппаратының басшысы Айтас Нұрқас сөз сөйлеп, жиналғандарды экологиялық акцияның басталуымен құттықтады.
"Қоршаған ортаны қорғау, туған жердің тазалығын сақтау – әрбір азаматтың ортақ міндеті. Осындай игі іске атсалысып жатқан барша тұрғынға алғысымды білдіремін", – деді ол.
Акция аясында қатысушылар аудан көшелерін, қоғамдық орындарды, бұлақтардың айналасын және жол бойларын тұрмыстық қалдықтардан тазартты. Бірлескен еңбектің нәтижесінде туған өлкенің тазалығы мен көркеюіне үлес қосылды.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, тазалық жұмыстарына 300 адам мен 3 арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде аудан аумағынан 3 тонна қоқыс шығарылды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, акцияның негізгі мақсаты – тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыру және елді мекендердің тазалығын сақтауға үндеу.