300-ден аса қазақстандық шетелде тегін оқи алады

829

Соңғы шешімді шетелдегі университет қабылдайды. 

300-ден аса қазақстандық шетелде тегін оқи алады

300-ден аса қазақстандық үкіметаралық гранттар аясында шетелдегі жоғары оқу орындарында тегін оқи алады, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Білім және ғылым министрлігінің (БҒМ) бастамасымен жасалған үкіметаралық келісім шеңберінде 330 қазақстандықтың шетелде тегін білім алуға мүмкіндігі бар. Олар Мажарстан (Венгрия), Польша, Қытай, Украина, Словакия, Әзірбайжан және Вьетнам университеттеріне құжаттарын тапсыра алады.

"Қазақстанға ең көп білім грантын Мажарстан бөліп отыр – 250, Қытай – 47, Польша – 11, Украина – 10, Словакия – 3, Әзірбайжан – 8, Вьетнам – 1. Гранттар бакалавриат, магистратура, докторантура және резидентура бағдарламалары бойынша бөлінеді", – деп жазылған БҒМ таратқан хабарламада.

Үміткерлерді іріктеуді депутаттар, сарапшылар, инженерлік-техникалық, медициналық, гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдарының докторларынан құралған тәуелсіз комиссия жүргізген. 

Комиссия негізгі және резервтік тізімге шет тілін білу деңгейі, білімі туралы құжаттың орташа балы және әңгімелесудің орташа бағасының жиынтығы негізінде ең жоғары орташа балл жинаған үміткерлерді енгізген.

Халықаралық бағдарламалар орталығының президенті Айнұр Кәрібозованың айтуынша, әңгімелесу барысында шетелде оқығысы келетін студенттерге әртүрлі сұрақ қойылған.

"Осылайша, біз ойлау логикасының деңгейін, сөйлеу сапасын, кез-келген жағдайдағы мәселелерді шешу бойынша үміткерлердің жеке қасиеттері мен дағдыларын бағаладық. Білім беру гранттарын тағайындау туралы түпкілікті шешімді қабылдаушы тарап қабылдайды", – деді Айнұр Кәрібозова.

Айта кетейік, үкіметаралық гранттар операторы – Халықаралық бағдарламалар орталығы. 
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу