Түркістан облысында мемлекеттік меншікке көлемі 33 мың гектардан асатын 500 жер учаскесі қайтарылды, деп хабарлайды otyrar.kz.
Жер телімдерінің кадастрлық құны 1,3 млрд теңгеден асып отыр. Бұл мәселе Түркістан облыстық прокуратураның өткен жылдың жұмысын қорытындылаған кеңейтілген алқа отырысында сөз болды.
Облыстық прокуратураның мәліметінше, қылмыстық қудалау органдарымен шамамен 300-ге тарта лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Сотқа дейінгі тергеуді жеделдету тәртібімен 2 мыңнан астам іс сотқа жіберілген.
Мемлекеттің мүдделерін қорғау шеңберінде 879 млн теңге сомасындағы шығындар бюджетке қайтарылды, жалпы сомасы 1,1 млрд теңге болатын мүлік қайтарылды.
Прокурордың араласуынан кейін мемлекеттік кірістерге 309 млн теңгеге сот актілері орындалды, жалақы бойынша берешек 38 млн теңгеден 8 млн теңгеге дейін қысқарды.
Өткен жылы прокуратураға 12 мыңнан астам азамат пен заңды тұлға өтініш білдірді. Қарастырудың қорытындысы бойынша мыңнан астам өтініш қанағаттандырылды. Жеке қабылдау кезінде 1,5 мыңнан астам азамат қабылданды.
Өтініштерді қарау нәтижелері бойынша 980 қадағалау актілері ұсынылды, 67 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылған.