Ақтөбе қаласында дағдарыс орталығы ашылғанымен, бір күн де жұмыс істемей, қайта жабылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ақтөбе қаласындағы дағдарыс орталығын ашу үшін меценат Асқарбек Мамырбаев 300 миллион теңгесін жұмсады. Жоспар бойынша бұл орталықта 130 адам түрлі әлеуметтік, құқықтық көмек алып, жұмыс істеуге мүмкіндік берілетін еді. Сонымен қатар, балалар ойнайтын, ұйықтайтын, тамақ ішетін алаңдар да қарастырылған. Мемлекеттік-жекешелік серіктестік аясында түгел жабдықталып, лентасы қиылған орталық бір жыл өткенімен іске қосылмады.
"Дағдарыс орталығы ашылған жоқ. Проблемалар болып, ашылмай қалды. Біз бұл орталықтың жұмысын біржола тоқтаттық",- деді меценат Асқарбек Мамырбаев.
Айта кетейік, бұл орталық 2016 жылдың желтоқсан айында ресми түрде ашылды. Сол күні күйеуінен зәбір көрген, шаршап-шалдыққан әйелдер мен балаларға пана болатын орталықта терапевт, психологтар жұмыс істейді деп жоспарланды. Ақтөбе облыстық ІІД мен Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен, жергілікті әкімдік бірлесе әйелдерге көмек беруге тиіс болатын. Бірақ орталық сол күйі бос тұр.