Бұл туралы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Мемлекет басшысының сөзінше, Оңтүстік аймақтағы электр желілерін күшейту жобасын жеделдеткен жөн.
– Оңтүстік өңірлердегі энергия тапшылығын жою үшін "жасыл" энергетика саласында ірі жобалар мен бу-газ қондырғылары іске қосылды. Сондықтан 2026 жылы "Бейнеу – Бозой – Шымкент" газ құбырына қарасты екінші тармақтың алғашқы кезеңін аяқтауымыз керек.
Жалпы газ саласын дамыту елдің орнықты әлеуметтік-экономикалық өрлеуінің негізгі факторына айналып келеді. Былтыр 9 өңірдегі 107 елді мекенге газ жеткізіліп, 300 мың халықтың тұрмысы жеңілдеді, – деп атап өтті Президент.
Қазіргі уақытта "Шеврон" корпорациясымен бірге жаңа газ кеніштерін игеру жұмыстары басталып, Ақтөбе облысындағы Жәлібек учаскесін геологиялық барлау жөнінде ынтымақтастық орнаған. Десе де, Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңаөзен мен Қашағандағы газ өңдеу зауыттарының, сондай-ақ Түркістан облысындағы бу-газ қондырғысы базасында жұмыс істейтін электр стансасының құрылысы ойдағыдай жүріп жатпағанын жеткізді.