300 мыңдай қаңғыбас итті зарарсыздандыруға қыруар қаржы кетеді

Бұл туралы "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесіне арналған дөңгелек үстел барысында айтылды. 

300 мыңдай қаңғыбас итті зарарсыздандыруға қыруар қаржы кетеді Фото: Балашовер

Әлемдік практикада бұралқы иттерге қатысты бірнеше әдіс бар. Қазақстандағы пікірлер де әртүрлі, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Мәжіліс депутаты Ерболат Сатыбалдиннің айтуынша, қазір заң жобасында иттердің қоғамға қаупін азайту мәселесі талқылануда.

– Әлемде бұралқы иттерге қатысты екі тәжірибе бар: бірі – оларды ұстап, зарарсыздандыру арқылы өз ортасына қайта жіберу. Екінші тәсіл – иттерді қайтарымсыз аулау (оның да екі түрі бар, бірінші – өмір бақи бағу, екіншісі – жансыздандыру). Одан бөлек, заң жобасы аясында бұралқы иттердің саны мен олардың қаупін азайту мәселесі талқыланып жатыр, – деді депутат.

Сондай-ақ, халық қалаулысы қоғам тарапында түрлі пікір бар екенін жеткізді. Олардың бәрі өз ойын нақты дәлелмен жеткізгісі келіп отыр.

– Иттерді қайтарымсыз аулауды қолдайтын кісілер табылады, олардың дәлелі де бар. Кейбірі "иттерге вакцина егіп, зарарсыздандыру арқылы өз ортасына қайта жіберу керек" деп ойлайды. Иесі бар иттерге қатысты 2021 жылғы заңда жауапкершілік туралы бап бар, өкініштісі сол, ол бап қазір жұмыс істемей тұр. Қазір осы бапты толықтыру жағы қаралып жатыр. Қазіргі есеп бойынша, 300 мыңдай қаңғыбас ит бар дейді, олардың бәрін бір мезетте аулап, зарарсыздандыруға 15 миллиард теңгедей қаржы қажет, одан бөлек жыл сайын вакцина егу керек. Сондықтан, бюджет бойынша мемлекетке салмақ салмау жағын да ойластыруымыз керек. Ең бастысы – адамдардың, қоғамның қауіпсіздігі, – дейді ол.

Еске салайық, бүгін мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өткізді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу