Шымкенттегі жалпы білім беру мекемелерінде құрылыс жұмыстары басталды. Білім ошақтарының нысандарының маңына қоршау тұрғызылуда. Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстары 16 мектепте басталып кеткен. Жауапты мамандар бұл жұмыстар жаңа оқу жылы басталғанша аяқталатынын айтты, деп хабарлайды otyrar.kz.
Шымкентте білім ошақтарын қоршау жұмыстары өткен жылы басталған. 2016 жылы №9 және 30 мектептердегі құрылысқа 30 млн теңге бөлінген. Ал биыл тек мектеп саны емес, жұмыстарға бөлінген қаржы көлемі де ұлғайып отыр. Қоршау тұрғызу – күрделі жұмыс болғанымен, барлығы оқушылардың қауіпсіздігі үшін дейді жауапты мамандар.
Сонымен, шаһардағы 31 мектепті қоршау жұмыстарына қала қоржынынан 241 млн теңге бөлінді. Тиісті жұмыстар жаңа оқу жылына дейін аяқталуы тиіс. Осы мақсатта 8 мердігер мекеме жұмыс істеуде.