31 мың үйдің иесі төтенше жағдай қызметі өкілдерін кіргізбеген

1082

Жылыту маусымы басталғалы бері Қарағанды, Алматы, Қостанай және Ақмола облыстарында өрт оқиғасы көп тіркелген.

31 мың үйдің иесі төтенше жағдай қызметі өкілдерін кіргізбеген

Елімізде орын алған соңғы оқиғалардан соң төтенше жағдайлар қызметіне тықыр таянғанын жақсы білеміз. Сол себепті төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері соңғы екі аптада жұмыс қарқынын едәуір үдетті.

"Соңғы екі апта ішінде төтенше жағдай қызметінің 14 511 қызметкері, 2 120 ерікті және басқа да ұйымдардың 1 715 өкілі тұрғын үй секторын аралады. 262 мың тұрғынға түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Пештерді пайдалану және электрмен жабдықтау бойынша 13 мың өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу фактісі анықталды. Өкінішке қарай, 31 мың үйдің иесі тексеру жүргізуден бас тартты", – деді журналистерге арнап баспасөз мәслихатын өткізген төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер.

Оның айтуынша, аз қамтылған отбасылар, зейнеткерлер мен мүгедектер тұратын үйлерге автономды өрт хабарлағыштарын, улы газ датчиктері мен табиғи газ сигнализаторларын орнату жұмыстары жалғасуда.

"Жыл басынан бері 2 434 датчик сатып алынды. Оның 1 501-іне әкімдіктер есебінен, 933-іне жеке меншік компаниялар есебінен қол жеткізілді. Қауіпті факторларды анықтау құралдарын орнату жұмыстары Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, Ақмола, Ақтөбе, Қостанай және Павлодар облыстарында белсенді түрде жүргізіліп келеді", – деді Владимир Беккер.

Еске сала кетейік, 2018 жылдың қараша, желтоқсан айларында және осы жылдың қаңтар айында тұрғын үйдегі өрт саны 2 пайызға, адам өлімі 27 пайызға қысқарған. Мәселен, 2017-2018 жылдың жоғарыда аталған үш айында 4068 өрт орын алып, 200 адам қаза тапқан. Ал 2018-2019 жылдың үш айында 3987 өрт тіркеліп, 147 адам көз жұмды.

"Жылыту маусымы басталғалы бері Қарағанды, Алматы, Қостанай және Ақмола облыстарында өрт оқиғасы көп тіркелді", – деді комитет төрағасы.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу