Оның сөзінше, келесі аптада салық берешегін өсімпұл мен айыппұлсыз төлей алатын кәсіпкерлердің тізімі жарияланбақ, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Үкімет микро, шағын бизнес субъектілерін жаңа Салық кодексіне бейімдейтін шаралардың кешенін пысықтаған. Сол Қаулы аясында Қаржы министрінің бұйрығы әзірленіп, Әділет министрлігіне тіркеуге жіберілді. Тіркеуден өткеннен кейін бүкіл БАҚ-та жарияланады.
Бұл бұйрықтың күші тек бюджеттік сыныптама коды бойынша есептелген салық берешегіне ғана жүреді. Осы берешек 1 қаңтардан 31 наурызға дейін төленсе, салық органы осы берешекке есептелген өсімпұл мен айыппұлдарды автоматты түрде есептен шығарады. Бірақ бұл микро және шағын бизнес субъектілеріне ғана қолданылады. Салықтың негізгі сомасы төлесе, айыппұл мен өсімпұлы жойылады деген сөз, – деп түсіндірді басқарма басшысы.
Бір қуаныштысы, салық берешегін бөліп төлеп жатқандар және кейінге қалдырғандар да 31 наурызға дейін негізгі бөлігін төлесе, өсімпұл мен айыппұл кешірілмек.
– 275-бап бойынша қосылған құн салығының шегінен асқаны үшін айыппұл салынған болса, ол да кешіріледі, – деп нақтылады Қайсар Арын.
Қаржы министрінің тиісті бұйрығы жарияланғаннан соң салық берешегін өсімпұл мен айыппұлсыз төлеуге құқығы бар төлеушілердің тізімі жарияланады.
– Республика бойынша тізім қалыптастыруға тырысамыз. Оны өзіміздің ресми сайтқа шығарамыз. Ол тізім Exсel кесте форматында болатын шығар. Салық төлеуші өзінің ЖСН-ін немесе БСН-ін енгізу арқылы тізімде өзінің бар-жоғын біле алады. Бар болса, 31 наурызға дейін салық берешегінің негізгі сомасын төлеп үлгеруі керек. Салық органдарының арнайы комиссиясы ондай берешектердің өсімпұлы мен айыппұлын кешіреді, – деді Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Аудит департаменті берешекпен жұмыс басқармасының басшысы.