Көліктегі бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Сәдуақас Байғабылов онлайн брифинг барысында ПТР анықтамасыз халықаралық әуе рейстерімен ұшып келгендер қайта елдеріне қайтарылатынын ескертті. Бұл анықтамасының уақыты өтіп кеткендерге де қатысты.
"Енді 6 қазаннан бастап ПТР-тест анықтамасы жоқ шетелдіктер ұшақ бортына жіберілмейді. Алайда анықтамасының уақыты өтіп кеткен және экспресс-тестпен келген 31 шетел азаматы елдеріне қайтарылды. Депортацияланған 31 жолаушы Ресей, Украина, Беларусь, Түркия, Германия, Ұлыбритания азаматтары", - деді ол.
Соңы үш аптада елімізге 426 ұшақ ұшып келсе, оның 19-ында індет жұқтырған азаматтар болған. Бұл арнайы мониторинг барысында анықталған.
"Шетелден келген әуе рейстеріне жүргізілген мониторинг барысында коронавирус жұқтырған 39 жолаушымен байланыста болған азаматтардан және бортсеріктерден вирус анықталмады", - деді Сәдуақас Байғабылов.
Құралай Құдайберген