Алғашқы екі апта ішінде Мексика, АҚШ және Канада аумағында өткен кездесулерді 3,6 миллионнан аса көрермен тамашалаған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Халықаралық футбол федерациясының дерегінше, Германия – Эквадор және Кот-д’Ивуар – Кюрасао құрамалары арасындағы қатар өткен ойындардан кейін стадиондарға жиналған жанкүйерлер саны 3 605 357 адамға жеткен. Бұл көрсеткіш бұған дейінгі рекордты басып озды.
Жаңа меже 1994 жылы АҚШ-та өткен әлем чемпионатындағы 3 587 538 көрермендік көрсеткішті артта қалдырды. Сарапшылардың пікірінше, биылғы турнирде командалар санының 32-ден 48-ге дейін артуы және ойындар санының көбеюі рекордтың ерте жаңаруына әсер еткен.
Сонымен қатар, АҚШ-тағы ірі стадиондардың сыйымдылығы да жанкүйерлер легінің артуына мүмкіндік беріп отыр. Ұлттық футбол лигасына арналған ареналар 60-80 мың аралығында көрермен қабылдай алады. Ал Нью-Джерсидегі "Метлайф" стадионы 82 500 адамға дейін сыйғызатын турнирдегі ең үлкен алаң саналады.
Салыстырмалы түрде алғанда, 2022 жылы Қатарда өткен әлем чемпионатындағы стадиондардың басым бөлігі шамамен 45 мың жанкүйерге арналған еді.