32 жылда Қазақстан халқы 4 млн-ға, өзбекстандықтар 15 млн-ға артты – депутат

420

Халық қалаулысы Өзбекстандағы демографиялық саясат жөніндегі мемлекеттік комитетті құру тәжірибесін қабылдауды ұсынып отыр.  

32 жылда Қазақстан халқы 4 млн-ға, өзбекстандықтар 15 млн-ға артты – депутат  Фото: www.parlam.kz

Мәжіліс депутаты Гаухар Танашева елдегі демографиялық мәселені көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"32 жыл ішінде біздің халықтың өсімі небәрі 4 миллионға, ал көршілес Өзбекстанда осы кезеңде халық саны 15 миллионға өсті. Халқымыздың саны аз, тығыздығы төмен. Әлем бойынша 184-інші орындамыз, жеріміздің 100 гектарына 7 адамнан келеді. "Бос жатқан жер жау шақырады" демекші, біз демографиялық мәселелерді қалай шешеміз? Біріншіден, халықтың табиғи өсуімен, екіншіден көші-қонның жоғарылауымен.  Табиғи өсуді қамтамасыз ету үшін алдымен отбасыларды қолдауымыз қажет", - деді ол депутаттық сауалында.

Депутат елімізде отбасы саясаты мәселелерімен айналысатын жалғыз мемлекеттік орган – Мәдениет және ақпарат министрлігі жанындағы Жастар және отбасы істері комитеті екенін айтты. Сөзінше, отбасылық саясат  басқармасында 4 адам ғана жұмыс істейді, ал өңірлерде комитет өкілдері мүлдем жоқ.

"Өзбекстандағы демографиялық өсімнің оң динамикасын ескере отырып, отбасылардың әл-ауқатын арттыру мақсатында, сол елден Үкімет жанындағы, Отбасы, әйелдер, балалар және демографиялық саясат жөніндегі мемлекеттік комитетін құру тәжірибесін қабылдауды ұсынамыз. Комитет құру туралы алғашқы ұсынысты 2019 жылы жолдаған болатынмын. 5 жыл бұрын бұл ұсыныс қолдау таппады. Бұл комитеттің негізгі міндеті – мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметін үйлестіретін, сондай-ақ аналар мен балалардың құқықтарын тиімді қорғауды қамтамасыз ететін, және отбасылардың өмір сүру жағдайын жақсартуға ықпал ету", - деп жалғастырды Танашева.

Бұдан бөлек депутат елге оралғысы келетін адамдарға жағдай жасауға, бюрократиялық рәсімдерді жоюға шақырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу