320 млн теңге жымқырған Қайрат Сатыбалдыұлының туысына іздеу жарияланды

932

Мемлекетке 320 млн теңгеден астам сомаға залал келтірген Қайрат Сатыбалдыұлының туысы Бахтияр Байсейітовке іздеу жарияланды.

320 млн теңге жымқырған Қайрат Сатыбалдыұлының туысына іздеу жарияланды

Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінен мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет "Қаратау" ЖШС ("Қазатомөнеркәсіп" ҰАК АҚ еншілес ұйымы) және "Iri building" ЖШС лауазымды тұлғаларына қатысты 2019-2021 жылдар кезеңінде Қаратау кенішінде (Түркістан облысының Созақ ауданы) қызмет көрсету кезінде ақша қаражатын ұрлау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді жалғастыруда.

Тергеу барысында Б.Байсейітов Қ.Сатыбалдыұлымен туыстық байланыста болуын қолдана отырып бақылауындағы компания "Iri building" ЖШС мүддесін лоббилендіріп келгені анықталды. Аталған кәсіпорын мен квазимемлекеттік сектор субъектісі "Қаратау" ЖШС арасында 2019 жылы "Қаратау" кеніші бойынша 6,2 млрд теңге сомасына құрылыс жұмыстарына шарт жасалған.

Б.Байсейітов "Iri building" ЖШС қызметін тікелей басқарған және объекті құрылысынан түсіп келген ақшалай қаражатты бөліп отырған. Бұл ретте жабдықтың бір бөлігі жеткізілмеген, ал оған арналған қаражат заңсыз шығарылып, ұрланған.

Мемлекетке келтірілген залал 320 млн теңгеден асты", – делінген баспасөз хабарламасында.

Мәлім етілгендей, қазіргі уақытта Б.Байсейітов Қазақстаннан тыс жерде.

Оның заңсыз әрекеттері ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша сараланып отыр, оған іздеу жарияланды.

Аталған тұлғаның өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу