Сонымен соңғы айлардың ең жиі талқыланған тақырыптарының бірі - боксшы Флойд Мейвезер мен ММА шебері Конор МакГрегордың айқасын "Хабар" арнасы ертең, яғни 27 тамыз күні таңғы сағат 8:00-де Лас-Вегастан тікелей эфирде көрсетеді. Тақырыпқа тұздық ретінде CNN ақпарат көзі МакГрегордың айқас алдындағы мәлімдемесін жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
CNN таратқан мәліметтерге сүйенсек, Америкадағы букмекерлік кеңселердің бірі боксшы Мейвезердің жеңісіне сенгені соншалық, оған 320 000 АҚШ долларын тігіп қойған. Айқастың бокс ережелері бойынша өтетінін ескерсек, ММА шеберінің жеңіске жете қоятынына көпшілік сене қоймайтын секілді. Бірақ бұл күдікке МакГрегор пысқыратын емес. "Мен жауынгерлік сипаттағы додалардың бірнеше дүркін чемпионымын. Өзім аяушылықты білмейтін спорттың түрінен келіп отырмын. Мен бұл істі білмек түгілі, толықтай игеріп қойғанмын. Адамдар аузына келгенін айта берсін, бірақ жаңа патшасы бар бокс бұдан да айбынды бола түседі!" - дейді МакГрегор.
Еске сала кетсек, бокстан 12 дүркін әлем чемпионы американдық кіші Флойд Мейвезер мен жеңіл салмақтағы UFC чемпионы ирландық Конор МакГрегор 69,8 келі салмақта ағылшын боксы стилінде кездесу өткізбек.