Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментіне Риддер қаласының тұрғынынан алғыс хат келіп түсті. Бұл оқиға көші-қон қызметкерлерінің кәсіби біліктілігі мен азаматтарға көрсетілетін қолдаудың нақты көрінісі болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Риддер қаласының тұрғыны 33 жыл бойы жеке басын куәландыратын құжатсыз өмір сүрген. Соның салдарынан мемлекеттік қызметтерді алу және күнделікті өмірдегі көптеген мәселені шешу мүмкіндігі шектеліп келген.
ІІМ баспасөз қызметі мәліметінше, азаматтың өтінішінен кейін көші-қон қызметінің инспекторлары жағдайды жан-жақты зерделеп, қажетті құжаттарды жинауға көмектескен. Сондай-ақ жеке куәлікті рәсімдеудің барлық кезеңінде құқықтық қолдау көрсетті.
"Бұл мәселені шешемін деген үмітім үзілген еді. 33 жыл бойы құжатсыз өмір сүрдім. Ал қазір жаңа өмір басталғандай сезімдемін. Полиция қызметкерлеріне шын жүректен алғысымды білдіремін", – деді ол.
Полиция халыққа мемлекеттік қызмет көрсету жұмыстары тұрақты негізде жалғасып жатқанын хабарлады. Жеке басын куәландыратын құжаттарды рәсімдеу немесе қалпына келтіру мәселелері туындаған жағдайда азаматтар аумақтық көші-қон қызметі бөлімшелеріне жүгіне алады.