Филиалдың бұрынғы бас бухгалтерінің жеке банк шоттарына негізсіз ақша аудару деректері анықталған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"ҚАЖсервис" ЖШС Атырау облыстық филиалында 34,8 млн теңгеге қатысты қаржылық заңбұзушылықтар компанияның қаржы-шаруашылық қызметіне жүргізілген ішкі талдау барысында анықталғанын мәлім етті.
Бұл заңбұзушылықтар 2026 жылдың 3 ақпанында құжат жүзінде тіркелген. Компания анықталған деректер бойынша материалдарды құқық қорғау органдарына өз бастамасымен жолдады.
– Тергеу жүргізіп, заңда көзделген шараларды қабылдау үшін 2026 жылғы 5 ақпан мен 26 наурызда Атырау облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне тиісті өтініштер берілді.
"ҚАЖсервис" ЖШС прокуратура және экономикалық тергеп-тексеру органдарымен бірлесіп, анықталған заңбұзушылықтардың барлық мән-жайын анықтау бағытында жұмыс жүргізуде. Компания уәкілетті органдарға қажетті қолдау көрсетуді жалғастырады. Негізгі мақсат – істің жан-жақты әрі объективті тергелуіне, кінәлі тұлғалардың заң аясында жауапқа тартылуына және келтірілген залалдың өтелуіне қол жеткізу, – делінген ресми мәліметте.