Елімізде 34 мектепте жаңа оқулықтардың апробациясы басталды

79

Апробацияны Білім мазмұнын сараптау республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырады.  

Елімізде 34 мектепте жаңа оқулықтардың апробациясы басталды Фото: primeminister.kz

29 қыркүйектен бастап еліміздің 34 пилоттық мектебінде 2026-2027 оқу жылына арналған жаңа оқулықтардың апробациясы басталды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Апробация 4-сыныпқа арналған – "Қазақ тілі", "Орыс тілі" (қазақ тілінде оқытатын мектептер үшін), "Математика" (қазақ және орыс тілдерінде оқытатын мектептер үшін), "Дүниетану", "Әдебиеттік оқу" және 7–10 сыныптарға арналған "Дүниежүзі тарихы", "Алгебра", "Қазақ тілі", "Химия", "Биология", "Физика", "География", "Құқық негіздері", "Шетел тілдері" (ағылшын, неміс, француз тілдері) оқулықтарын қамтиды.

"Апробация жаңа оқу бағдарламасы негізінде әзірленген жекелеген пәндер бойынша оқулықтардың күшті және әлсіз тұстарын айқындауға, сондай-ақ мектептер үшін оңтайлы оқу материалын іріктеуге бағытталған. Ол оқулықтарды кең көлемде енгізбей тұрып, оқушыларға арналған ең сапалы және тиімді оқулықтарды айқындауға мүмкіндік береді", – деп атап өтті Білім мазмұнын сараптау республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Назира Абдрахманова.

Маңыздысы, апробацияға тек педагогтер ғана емес, оқушылар да қатысады. Бұл оқулықтардың функционалдығы мен тиімділігі жан-жақты түсінік қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Орталық 5 сатылы сараптама жұмысын жүргізеді: ғылыми-педагогикалық сараптама, пысықтау кезеңі, пилоттық мектептерде апробация, қоғамдық талқылау және пәндік сараптамалық комиссияның қорытындысы.

Сондай-ақ сарапшы болуға өтінім бергісі келетін педагогтер bmso.kz ресми сайтында сауалнамадан өте алады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу