34 мың аула камерасы ІІМ-нің бақылауына көшті

744

"Қазақтелеком" мен ІІМ меморандум жасасты.

34 мың аула камерасы ІІМ-нің бақылауына көшті

Еліміздегі 34 мыңға жуық аула камерасы ІІМ-нің құзырына өтетін болды. Ішкі істер министрінің кеңесшісі Нұрділдә Ораз кезекті онлайн брифингте осындай жаңалық айтты.

"Құқық тәртібін қамтамасыз ету және халықты қылмыстан қорғау жөніндегі жұмыстың тиімділігін арттыру үшін ІІМ "Қазақтелекомның" бейнебақылау жүйесін пайдаланатын болады. Сенбі күні Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев пен "Қазақтелеком" АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев қалалық бейнебақылау жүйелерін дамыту мен ауқымды деректерді талдауды қолдану саласындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға Ақмола облысының Ақкөл қаласында қол қойды. Ақкөл қаласы – Smart City жобасы іске асырылған Қазақстандағы ең бірінші қала. Естеріңізге сала кетейін, 2017 жылдан бастап  елімізде "Қауіпсіз қала" тұжырымдамасы аясында қалаларды бейнебақылау жүйелерімен қамтамасыз ету бойынша жоба іске асырылуда. Елбойынша 350 мың пәтерді қамтитын кіреберістерде 34 мыңға жуық бейнекамера орнатылды.  Қол қойылған меморандум аясында "Қазақтелекомның" бірыңғай бейнебақылау жүйелері ІІМ жүйесіне біріктірілетін болады. Бұл подъездердегі бейнекамералардан полицияның жедел басқару орталықтарының мониторларына суреттерді шығаруға және қоғамдық тәртіпті бұзуға дереу ден қоюға мүмкіндік береді", - дейді ІІМ өкілі.

Оның айтуынша бүгінге дейін осындай камералардың арқасында мыңдаған қылмыстың беті ашылып, алды алынған көрінеді.

"Бүгінде ІІМ өңірлердің жедел басқару орталықтарына қосылған мыңға жуық бейнебақылау камераларын пайдаланады. Олардың көмегімен жыл басынан бері 5,5 мыңнан астам қылмыс ашылып, 408 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді", - деді Нұрділдә Ораз.

Есжан Ботақара
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу