Қазақстан Республикасы энергетика министрлігінің ұлттық ядролық орталығы және ITER термоядролық энергия жөніндегі халықаралық ұйым басқарылатын термоядролық синтезді пайдалану саласында техникалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
"Бүгінгі қол қойылған келісім ҚР ҰЯО РММ пен ITER ұйымы арасындағы техникалық ынтымақтастығымыздың алғашқы қадамы болып табылады. ITER қондырғысы басқарылатын термоядролық синтезді коммерциялық мақсатта пайдалануды көрсететін алғашқы термоядролық қондырғы болғалы отыр. Өз тарапымыздан екі күн бұрын іске қосқан бірегей қондырғымызды ұсынып отырмыз. Оның нақты іске қосылуын ЭКСПО-2017 көрмесіне орайластырдық, себебі басқарылатын термоядролық энергия синтезі болашақтың энергиясы болып табылады деп санаймыз", – деді ұлттық ядролық орталықтың басшысы Эрлан Батырбеков.
ITER ұйымының бас директоры Бернард Биго ITER ұйымның миссиясы EXPO-2017 халықаралық көрмесінің мақсатымен сәйкес келетінін атап өтті.
"Тұрақты энергетика болашақтың бір бөлшегі екеніне күмәнім жоқ. Қазіргі уақытта ITER жобасы 35 елдің басын біріктіріп отыр, оның ішінде Қытай, Үндістан, Корея, Ресей, АҚШ бар. Бұл елдер тұрақты энергияны дамыту үшін барлық күшін жұмылдыруда. Қазақстанның Ұлттық термоядролық орталығымен ынтымақтастық жасауға мүмкіндік туып отырғанына алғыс білдіреміз, жақында құрылған материалдық зерттеулер орталығымен жұмыс істеу – керемет мүмкіндік", - деді Бернард Биго келісімге қол қою кезінде.