36 жастағы әкім ауылға 345 млн теңге инвестиция тартқан

99

Медет Бекжанов Ақтөбе облысы, Мәртөк ауданы, Тәңірберген ауылына "Дипломмен – ауылға" бағдарламасы бойынша барған.  

36 жастағы әкім ауылға 345 млн теңге инвестиция тартқан Фото: amanatpartiasy.kz

36 жастағы әкім аталған ауылда еңбек жолын музыка пәнінің мұғалімі болып бастаған, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Медет Бекжанов қоғамдық істерде белсене көзге түсіп, 2022 жылы ауыл әкімі болып сайланған.

"Ауылға барып, баспаналы болуды көздедім. Арманым орындалып, отбасын құрдым. Сондағы балабақшада музыкадан білім бере жүріп, ауданның мәдени іс-шараларына белсене араластым. Сондай-ақ өзім қызмет еткен балабақшада меңгеруші болдым. 2022 жылы ауыл әкімдерін сайлау реформасына сай мен де бәсекеге түстім. Қарсыласым ауылдың байырғы тұрғыны болды. Сайлау науқанында арнайы бағдарламамды жарияладым, тіпті халыққа бейнеүндеу түсірдім. Нәтижесінде мен жеңіске жеттім", – деді Медет Бекжанов.

Ауыл әкімінің айтуынша, нағыз жұмыс сайлаудан кейін басталған. Ол бүгінде халыққа берген уәделерін кезең-кезеңімен орындап келеді. Іскер әкім бүгінге дейін Тәңірберген ауылына миллиондаған сомаға инвестиция тартқан.

"Ауылымыз Саржансай, Кеңсахара елді мекендерінен тұрады. Сайлау барысында Кеңсахара ауылына ұялы байланыс жүйесін орнатуға уәде берген едім. Сол уәдемде тұрып, жергілікті кәсіп иелерін тарта отырып, халық сұранысын орындадық. Сонымен бірге, ауылға кәсіпкерлерді жұмылдырып, қосымша балабақша салдық. "Ауыл аманаты" бағдарламасы аясында 345 млн теңге инвестиция тартып, 50-ден астам жаңа жұмыс орнын аштық. Дәстүрлі мал шаруашылығынан бөлек саяжай ашып, жылыжай ісін жолға қойдық. Ауыл өнімдері ауданда да сатылып жатыр. Жергілікті халық 20-дан астам өнімді ауылда өндіріп, өзін-өзі қажетті азық-түлікпен қамтып отыр", – деді ауыл әкімі.

Айта кетейік, 28 қарашада Астанада Мемлекет басшысының Қ.Тоқаевтың қатысуымен ауыл әкімдерінің диалог-платформасы өтті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу